Негізгі бет > Руханият > Бекет Ата мен Махамбеттің кездесуі

Бекет Ата мен Махамбеттің кездесуі

Еліміздің батыс өңірінде Бекет Ата есімін естімеген жан жоқ шығар. 1750-1813-жылдар аралығында өмір сүріп, адамға сирек бітер қасиетімен, даналығымен, батырлығымен, көріпкел-әулиелігімен әйгілі болған жан. Бекет Атаның о дүниелік боларынан бір-екі жыл бұрын, Бөкей Хан Ордасы маңындағылар үлкен топ болып, Атаға сәлемдесуге келеді. Олармен бірге жасы 7-8-дердегі ұлы Махамбетін ертіп Өтеміс те келеді.
Алғашқы екі күн – Хан мен сұлтанға жақындардан ауыспайды. Бекет Атаның алдына барғандардың тең жартысының көңіл-күйлері бұзылып шығады. Өйткені, ол кісі бетің-жүзің бар демей болғанды да, болатынды да тіке айтып тастайтын адам болған.
Келесі күні түстен кейін Бекет Атаның алдына Өтеміс пен ұлы Махамбет кезектерімен жетеді. Махамбет табалдырықтан атағаннан-ақ жүзі бал-бұл жанып, жанары кеңінен ашылып, өзін еркін ұстап, қос қолдап тұрып Атамен амандасады. Оның қасында әкесі кібіртіктеп, аузындағы сөзін де дұрыс айта алмай, жаңылып, шатасып қала береді.
Бекет Атаның ынтасы Махамбетте болады. Енді оның өзіне тікелей сұрақтарын қоя бастайды. Әулиеден тайсалып, жауаптан мүдірген бала болмайды. Әкесі ұялып, ұлына бірдеңе айтқысы келгенде – Бекет Ата оны тоқтатып тастайды.
- Сен білмейсің, үйіме келген жандардың ең құдыреттісі осы балаң болады, оның қасында менің атағым ауыл арасы ғана деп түсінгейсің, ең бастысы дер кезінде маған алып келгенің дұрыс болған.
Содан кейін Бекет әулие көзін тарс жұмып алып, бала Махамбеттің болашағын болжап, мына сөздерді айтыпты.
- Екінші мүшеліңде Хан Ордасына еркін кіресің, бір бөлек елді басқарасың.
- Әділетсіздікке төзбейсің, ол маңдайыңа жазылған. Басыңа пәле Ханнан емес, туыстары мен маңындағылардан болады.
- Ханның тоқалынан сақ болғайсың, одан арандап қалма.
- Арқалы ақындық қонғалы тұр, халық әр сөзіңді жатқа айтатын болады.
- 30-дан асқаныңда Ордадан кетерсің, Ханнан аулақ қонып, шабысқа да барарсың. Даудың басы жер мен әділетсіздіктен басталады, көп қан төгіледі.
- Ең жақын жолдасың – сен үшін басын оққа байлайды, Одан айрылғаннан кейін бәрін дереу доғарғайсың, одан әрі Ханмен де, оның айналасымен де тартысқа барғаның – жөн болмайды.
- Еліңе сыйлы боласың, атағың тек жеті аталық емес, жер бетіне жайылады, кейінгі ұрпақ өзіңді мақтан тұтады.
- Ал енді маған қояр сұрағың болса, ұялмай-іркілмей қоя бер, – деген Атаға:
- Алдымен болжаған болжауыңызға рахмет, сізге менің айтарым жоқ, – деп қысқа қайырады Махамбет.
- Бірақ менің өмірім мен оның арғы жағында өзіңізбен бір байланысым болатын тәрізді, осыны қалай ойлайсыз?
- Махамбетжан, бәріміз де бұл өмірде мәңгілік емеспіз, тіпті енді кездеспейтін де шығармыз, әйтпесе жер бетінде адам біткен сыймай кетеді ғой. Екеуміз де о дүниелік болғанда бір-бірімізбен байланысымыз үзілмейді, ұрпақтарымыз да осыны сезінер… – дейді әулие Ата.
- Бекет Ата бұлармен құшақтасып қоштасып, қоштасарда Махамбеттің маңдайынан, төбесінен туған әкесінше құшырланып тұрып иіскейді де, иегі кемсеңдеп, тез кері бұрылып кетеді. Сосын Өтеміске міндеттегендей етіп айтқаны:
- Махамбетіңді ержеткенше бетінен қақпай, еркін өсіргейсің!
Міне, көнеден жеткен баяғы шалдардан қалған әңгімеде осылай екі құдіретті адамның кездесуі айтылады. Бекет Ата өзінің әулиелігі арқылы бала Махамбеттің арқалы ақын, батыр қолбасшы, есімі ел есінде қалатын біртуар жан екендігін осылай танып, батасын берген екен.

  1. Берка
    04/11/2011, 21:19 | #1

    Керемет жазба екен, газиттерге шыгарса гой.

  1. No trackbacks yet.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Connecting to %s

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.