Ролан Гаррос теннис жарысы
Ролан Гаррос турнирі – 20-ғасырда бастау алған ең ірі теннис жарыстарының бірі. Биыл мамырдың 25-і мен маусым айының 5-і күндері Париждің ең ірі корттарында өтеді. Басында Францияның ашық біріншілігі ретінде құрылып, уақыт өте келе үлкен жарысқа айналған. Дүниежүзілік соғыстар кезінде тоқталып қалғанымен, соғыс біткен соң, әр жылдары жалғасын тауып отырған. 1-дүниежүзілік соғыс батыры, ұшқыш Ролан Гарростың құрметіне, жарыс осылай аталған. Ерлер мен қыздар арасында жекелей, парлар арасында, микст жарысы арасында, сондай-ақ, жастар мен жасөспірімдер арасында жарыстар өтеді. Енді бұл турнирді ең көп рет жеңіп алғандарды еске алсақ:
ерлер арасында:
Бьорн Борг — 6 титул (1974, 1975, 1978, 1979, 1980, 1981)
Рафаэль Надаль — 5 титул (2005, 2006, 2007, 2008, 2010)
Анри Коше — 4 титул (1926, 1928, 1930, 1932)
Рене Лакост — 3 титул (1925, 1927, 1929)
Густаво Куэртен — 3 титул (1997, 2000, 2001)
Матс Виландер — 3 титул (1982, 1985, 1988)
Иван Лендл — 3 титул (1984, 1986, 1987)
Қыздар арасында:
Крис Эверт — 7 титул (1974, 1975, 1979, 1980, 1983, 1985, 1986)
Сюзанн Ленглен — 6 титул (1920, 1921, 1922, 1923, 1925, 1926)
Штеффи Граф — 6 титул (1987, 1988, 1993, 1995, 1996, 1999)
Маргарет Смит Корт — 5 титул (1962, 1964, 1969, 1970, 1973)
Хелен Уиллс Муди — 4 титул (1928, 1929, 1930, 1932)
Жюстин Энен — 4 титул (2003, 2005, 2006, 2007).
Қарап отырғанымыздай, қазіргі теннисшілерден Р.Надаль ғана титулын өзгерте алады. Сонымен қатар, биылғы чемпиондықтан үміткерлер ретінде қазір өте жақсы формада жүрген серб Н.Джокович, кәрі тарлан Р.Федерер, шотланд Э.Маррей мен швед Р.Седерлингтер арасында болатын шығар деп ойлаймын. Егер Н.Джокович жартылай финалға жетсе, 1-ракетка титулын Р.Надальдан тартып алайын деп тұр. Ал, қыздар арасындағы жарыс бұдан әрі тартысты болайын деп тұр. Ж.Энен мен апалы-сіңлілі С.В.Уильямстар жарыстарға қатыспағалы, қыздар арасында нақты лидер жоқ, көбінің деңгейлері бірдей. Үміткерлер ретінде: даниялық К.Возняцки, орыс қыздары М.Шарапова мен В.Звонарева, бельгиялық К.Клейстерс, белорус қызы В.Азаренка, неміс А.Петкович арасында болатын шығар деп ойлаймын. Тіпті, былтырғы финалдағыдай С.Стосур мен Ф.Скьявоне сияқты ортанқол теннисшілер де шығуы мүмкін екенін жоққа шығармайық.
Ерлер мен қыздар арасындағы жеңімпазға биыл – 1,2 млн евро сыйақы төленеді, бұл былтырға қарағанда – 7,14 пайызға өскен екен.
Жалпы сыйлық қор былтырға қарағанда 4,24 пайызға өсіп, биыл 17,52 млн. евроны немесе 25 млн долларды құрап отыр,
Біздің Қазақстан теннисшілеріне келсек, ерлерден: А.Голубев, М.Кукушкин, қыздардан: Я.Шведовалар қатысады. Өкінішке орай, З.Дияс қызымыз квалификация турнирінен өте алмады. Біздің теннисшілеріміздің рейтингілері өте жоғары емес екендігін еске алсақ, финалдық ойындарға шығуға үмітіміз аздау. Дегенмен де, теннисшілерімізге жеңістер тілеп, Ролан Гаррос корттарында сәттілік тілейік!
Соңғы пікірлер