Геологтар күні және асыл тастар
Сәуір айының бірінші жексенбісінде келетін – Геологтар күнімен барша геология саласында жүрген геолог мамандарды құттықтаймын! Қиын да қызықты геолог мамандық иелеріне жұмыстарына табыс тілеймін! Жер шарында минералдардың үш мыңнан астам түрі бар, соның ішінде адамзат көп тұтынатын қымбат асыл тастар жайлы жаза кетейін.
Асыл тастардың қашан, қайда шыққанын ешкім білмейді. Бірақ, адамзат баласы ежелден пайдаланып келеді деп айтуға болады. Мыңдаған жылдар бұрын асыл тастар ауру мен көз тиюден сақтайды деген түсінік болған. Қазіргі кезде де көп адам асыл тастардың айрықша қасиеті бар деп сенеді. Алғаш рет асыл тастар жөнінде Библияда айтылған екен. Сосын, ежелгі Египет жерінде египеттіктердің тұмар ретінде тағып жүргендігі де жазылған. Тас тағып жүру бәле-жаладан қорғайды деген түсінік болған. Каир мұражайындағы Джосер фараонынан алынған асыл таспен көмкерілген білезік жасы б.э.д. 2800-3000ж. деп есептеледі. Скарабей-«тасмөр» ретінде жасалған тастардың бедеріндегі ою-өрнектер біздің заманымызға дейін жетіп отыр.
Біздің дана бабаларымыз да асыл тастарды ерте заманда-ақ танып, оны пайдалана білген. Солардың қатарына Солтүстік және Батыс Қазақстан жерінен табылған біздің заманымыздан бұрынғы 2 мыңжылдықта тастан жасалған білезіктер мен әр түрлі әсем бұйымдардың бөліктерін, Бесшатыр зираты мен Есік қорғанынан қазып алынған ақықтан жасалған моншақтарды жатқызуға болады
Ғалымдардың дәлелдеуінше, жүзіктегі, білезік, алқа, сырғадағы асыл тастар адамның энергия қабылдау көздерінде жетпей тұрған күш-қуатты ғарыштан жинап береді екен. Таңғажайыптылығы сол, адамдар саусағына жүзік кигізгенінде ол өз энергиясымен де, минерал ретіндегі табиғатымен де, түсімен де сәйкестене кетіп, үндес энергетикалық орталыққа тартыла бастайтын болып шықты.
Ертедегі адамдар тастарды түстеріне қарап, бір түрге балаған. Мысалы, қызыл тастардың бәрін «рубин» тасы деп, жасыл түстілерді «изумруд» тасы деп, бүкіл көк түсті тастарды «сапфир» тасы деп білген. Уақыт өте келе адамдар кейбір асыл тастардың өте қатты болған сайын, ұзақ уақыт сақталатынын, сатуға шығарса қымбат тұратынын білген. Асыл тастардың ішінде – Алмас өте қымбат, әдемі тас және қаттылық шкаласы бойынша – өте қатты тас болып есептеледі. Қымбат асыл тастар деп көптеген тастарды айтқанымызбен, қазіргі кезде нағыз қымбат асыл тастар деп төрт тасты ғана айтамыз. Олар: Алмас, Рубин, Изумруд, Сапфир.
Енді кейбір асыл тастардың қазақша баламаларын да жаза кетейін.
Агат – Ақық.
Рубин – Лағыл.
Изумруд – Зүбәржат.
Жемчуг – Інжу.
Коралл – Маржан.
Бриллиант – Гауһартас.
Гранат – Анартас.
Сердолик – Қызыл ақық.
Шпинель – Лал.
Янтарь – Шайыртас.
Сапфир – Жақұт.
Адуляр – Айтас.
Бирюза – Көгілдір ақық.
Лазурит – Көктас.
Перламутр – Құлпырматас.
Александрит – Құбылтас.
Опал – Теңбілтас.
Аквамарин – Сутас.
Асыл тастардың басқа да қазақша атауларын білетіндер болса, бөлісе отыруын сұраймын. Мереке құтты болсын!
(Суреттер интернеттен алынған)


“Кровавый алмаз” фильмін қарап, алмастардың қалай өндірілетінін көргенде біртүрлі жаным түршікті. Бәлкім біз елестеткендей бәрі қиын емес шығар ол жақта. Алайда сол үшін қаншама еңбек кетеді десеңші…
Ал былай құнды мәліметтер екен, рахмет!
мейрамыңызбен құттықтаймын!!! Асылтастар туралы жазайын деп ойлап жүр ем
Біраз тастың қазақшасын біліп қалдым. Рақмет!
Өте жақсы дерек, біраз тастың қазақша атауларын біліп қалдық, бр күнге Ырысбекті саған жібердім, қайтар сосын))))
Қайтарымы болады ғой. Көбінің қазақшаларын табу қиын болып тұр.
Тамаша жазба екен. Өзіңіз геолог ретінде қандай да болсын тастардың түрін жинайсыз ба? Хобби ретінде дегенім ғой.
Оқып жүргенде болған минералдар коллекциясы, қазіргі кезде мұнай-газ саласының геологымын ғой, бірақ геология, минералогия туралы кітаптар жинаймын.
ана тастар қазақстанда бармекен
“Кең Жылой” деген атыңызға елең етіп, блогыңызға кірген жайым бар. Елең еткен себебім, “Кең Жылой” деген кітап жұмыс үстелімде тұр…